Ұйғыр театрының қазақ тіліндегі қойылымы | |
|
Ұйғыр театрының қазақ тіліндегі қойылымы
Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» атты қойылымы қазақ тілінде сахналанды. Бұл қойылымның премьерасы осыдан бес жыл бұрын көрермен қауымға ұсынылып, бүгінгі таңда театр репертуарынан берік орын алған. Аталған туынды психологиялық драма болғандықтан, оқиғаның өрбуі көрерменнің жан дүниесін баурап, ой мен сөз, іс-әрекет арқылы уақыт пен қоғам шындығын, өзгеріп жатқан адамдар мінезін, болмысы мен табиғатын айна-қатесіз суреттейді. Қалың көпшілікке кең тараған танымал туындыны ана тілімізде сахналауға кез келген өзге ұлт театрлары тәуекел ете бермейтіні шындық. Өйткені қойылымның мазмұнын ашу мен образдарды жасау үшін, ең алдымен, тіл тазалығы мен ой тұнықтығы керек. Сахнадағы әртістердің тілді сезініп ойнауы, әр сөз бен сөйлемге интонация беруі, автордың айтайын деген ойын өз тілінде және табиғи қалпында жеткізуі шеберлік, кәсібилік дейтін ұғымдармен астасып жатқаны көрерменге ерекше әсер сыйлады. Жалпы қойылым кейуана әже Сәлиханың бастан кешкен оқиғаларына құрылған. Екі баласы майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен әжейдің бар мұңы солардың аман-есен оралуын үміт етіп, күн кешумен болады. Осы кезеңдерде қарт әжейдің өміріне шуақ сыйлап, шаңырағына кездейсоқ келіп қалса да, өз баласындай бауыр басып кеткен Төрехан бейнесі Сәлиха әжейдің көз алдында шын мәніндегі биік адамгершіліктің, рухани тазалықтың өлшеміне айналып шыға келеді. Уақыт өте Төрехан Сәлиха әжейдің үйіндегі қызымен көңіл жарастырып, отау құрады. Алайда «жазмыштан озмыш жоқ» демекші, екеуінің де тағдырлары ұзақ болмай, аянышты аяқталады. Сәлиха әжей басына түскен қиындықтың бәріне көніп, шаңырағында жападан-жалғыз өмір сүріп жатады. Дәл осы сәтте қулық-сұмдыққа құрылған оқиғалар екпін алып, қарт әжейдің жан-дүниесіне азап әкеледі. Ол Төреханның қарындасы Сызғанова ханым мен оның күйеуі Сызғанов. Мақсаттары – заңнан мүлдем хабарсыз Сәлиха әжейдің үйін мұрагерлік жолмен тартып алу. Дәстүрлі қоғамда қалыптасып, өмірдің барша құндылықтары адамгершілік пен адалдыққа, тазалыққа негізделген Сәлиха әжейдің көзқарасына, өмірлік ұстанымдарына қарама-қайшы әрекеттер жан дүниесіне қаяу салады.
Сәлиха әжейдің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рехангүл Махпирова тамаша сомдағанын айта кеткен жөн. Сахнадағы іс-қимыл, әрекет, шым-шытырық оқиғалардың дені Сәлиха әжей бейнесі арқылы өрбігендіктен, Рехангүл Махпированың сахналық образы кейіпкерімен біте қайнасып, қойылымның әсерін күшейтіп, мазмұнын тереңдете түскен. Жалпы қойылымға қатынасқан барша артис-тер өздеріне тиесілі рөлдерді сәтті алып шыққанын айта кеткен орынды. Мәселен, Сәлиха әжейдің жас кезін – Гульназ Амутова, Төреханды – Үмүт Қасымов, Сызғанованы – Амина Усенова, Сызғановты сомдаған – Дильшат Аманбаевтар өз кейіпкерлері арқылы автордың жеткізбек болған ойын, идея-сын биік дәрежеде паш ете білген. Сонымен қатар қойылым барысында көрерменді өз өнерлерімен тәнті еткен С.Бақиева, Ризат Мамутов, Назугум Таирова, Кудрат Юсупов және т.б. артистердің рөлдері де «Мұрагерлер» спектаклінің мән-мағынасын аша түскен. Адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара итжығыс түсіп жататын пьесаның мәні – адам баласы қандай жағдайға тап болса да, адамдық өлшемнен аттамау керек. Қараңғы түнектің соңынан әйтеуір бір жақсылық нұры келерінен ешуақытта күдер үзуге болмайды.
Қорыта айтқанда, «Мұрагерлер» қойылымын ұйғыр театрының артистері өз өнерлері арқылы керемет жеткізе білгенімен таңқалдырды. Пьесаның қоюшы режиссері – Азизжан Искандаров, қоюшы суретші әрі киім суретшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынбасар Жаңбыршиев. Дәуіржан ЖҰМАЖАН |